Батыс түркі қағандығы
Уикипедиядан
Батыс түркі қағанаты (603-704 жж.).
Батыс Түркі қағанатының Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзенінің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер (басқаша он-шадпыт) жайлады. Суяб қаласы (Қырғыстанның Тоқмақ қаласы маңында) ел астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қаласы жанында) еді. 610-618 жж. Жегуй қаған мен оның інісі Түн жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанат күшейді. Мемлекет шекерасы Үндістанның солтүстік-батысына дейін жылжыды.
Қағанат шаруашылықтың көшпелі және жартылай көшпелі, отырықшы-егіншілік әдісімен де айналысты. Елдің халқы түркілер де, соғдылар да сауда-саттықпен, мал бағумен, қолөнермен, егіншілікпен қатар айналысты. Қағанаттағы бірінші тұлға — жердің қожасы, әскери билеуші — қаған болды. Қағанаттағы жоғары лауазымдар — жабғы, шад, елтебер, қаған әулетіне ғана лайық атақтар болды. Сот қызметтерін бұйырықтар мен тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы — мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды «қара будун»(қара халық) деп атаған. Әлеуметтік жағынан тайпалар — ақ сүйек және вассал (бағынышты) тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылар алым-салық төледі. Соғыс тұтқындары құлға айналды.
Жібек жолы бойында үстемдік орнату үшін мемлекеттердің арасында жие соғыс болып тұрған. Сауда жолы үшін талас 7 ғ. 20-ж. барлық ортағасырлық мемлекеттерді екі коалиция бөлді. Бұлар — бір жағынан — Батыс Түркі қағанаты, Византия, Қытай, екінші жақтан — Шығыс Түркі қағанаты, Иран және Ауар (Авар) қағанаты. Екі коалицияның арасындағы шайқас, мемлекеттерді әлсіретіп, ешқайсына да жеңіс әкелген жоқ. Дегенмен де, осы соғыстардың нәтижесінде, дулы тайпалары (он оқ будун тайпа бірлігіне кірген тайпаның бірі), 630 ж. түркі қағанаттің патшасың өлтіріп, оның орнына дулының арасынан шыққан Сібір-ханды таққа отырғызады. Осы кезден басталған, дулы мен он-шадпы тайпаларының арасындағы билікке күрес ұзаққа созылады.
Сонымен, қарауындағы халықты ұстап тұруға, бағындыруға Батыс түркі қағанаттың орталық үкіметінің шамасы жетпейтін болғандықтан, Батыс Түркі қағанаты өзінің саяси және әскери күшін жоғалтуға мәжбүр болды. Осыны қытайдағы Тан империсы пайдаланып, Батыс Түркі қағанатқа қарсы соғыс жариялайды. Өзара (640-648, 656-657, 658-659 жж.) соғыстар, қырқыстар Жетісуға қытай әскерінің баса-көктеп кіруіне әкеп соқты. Олар өздері қалаған адамдарын Батыс Түркі қағанатын билетуге тырысты.
Барлық Батыс Түркі қағанаттың аймақтары екі губернаторлыққа бөлінді. Жаулап алынған жерлерде қаған орынбасарлары — тудундар алым-салықтың алынуын қадағалады.
679 ж. қытай саясатына қарсы Монголия мен Жетісуда шамамен бір уақытта көтерілістер болады. Монголиядағы көтерілісінің нәтижесі — Шығыс түркі қағанатың қайта орнату. Ал Жетісудағы көтерілісті қытай әскері күшпен басады. Енді барлық шаманы Шығыс Түркі қағанатың қайта бағындыруға салған кезде, Жетісудағы түркеш тайпалары халықты басқарып, 699 ж. (басқа деректер бойынша — 704 ж.) Батыс Түркі қанағатын қайта тәуелсіз мемлекет ретінде орнатады. Сонымен, қарсы тынымсыз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп, Жетісуда саяси жетекші күш болып шығады.