Қазақстанның мемлекеттік марапаттары
Уикипедиядан
Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары — Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін марапаттары.
Сондай-ақ, мемлекеттік наградаларды республикаға сіңірген еңбегі үшін шет ел азаматтарының да алуы мүмкін. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Президентінің заңдық күші бар Жарлығына (23.01.1996) сәйкес мемлекеттік наградалармен КР Президенті марапаттайды. Ең жоғары наградалар: Алтын Қыран" ордені мен «Халық Қаһарманы». Осы Жарлықтың 3-тарауында мемлекеттік, қоғамдық қызметтің сан алуан саласында айрықша еңбектерімен танылған адамдарды ҚР-ның «Отан», «Даңқ» (2 дәрежелі), «Айбын» (3 дәрежелі), «Парасат», «Достық» (2 дәрежелі), «Құрмет» ордендерімен марапаттау белгіленген. Сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, «Қазақстанның халық ақыны», « Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы», «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» деген құрметті атақтар бекітілген.
1999 ж. 26 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заң күші бар Жарлығына өзгеріс-тер мен толықтырулар енгі-зу туралы" ҚР-ның арнаулы заңына сәйкес «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышынан» басқа құрметті атақтардың орнына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы белгіленді. Бұл құрметті атақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдеріне республикаға сіңірген зор еңбегі үшін беріледі.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен көп бала тауып, тәрбиелеп өсірген аналар марапатталады. ҚР-ның Құрмет Грамотасымен экономикадағы, оқу-ағарту ісіндегі, әскери және өзге мемлекеттік, қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктерге жеткен азаматтар, сондай-ақ, халықтар арасындағы достық пен ынтымақгастықгы нығайтуға ықпал еткен шығармашылық ұжымдар марапатталады. Қылмыстық іспен сотталған адамдар заңда белгіленген негізде және тиісті тәртіппен соттың ұсынуы бойынша ҚР Президентінің бүйрығымен наградасынан айрылады. Заңсыз сотталған және толық ақталған азаматтардың мемлекеттік наградаларын соттың шешімімен ҚР Президенті қайта қалпына келтіреді.
ҚР-ның орденін, медалі мен құрметті атаққа берілетін белгісін сатып алу, сату, айырбастау немесе өзгедей өтеуге беру, сондай-ақ, мемлекеттік наградаларға қатысты басқа заңсыз іс-әрекет жасау заң бойынша жауапқа тартылады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заң күші бар Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР-ның жоғарыда аталған арнаулы заңына сәйкес мемлекеттік жаңа награда — «Барыс» орденімен (3 дәрежелі) марапаттау туралы бап енгізілді. Бұл орденмен ҚР-ның мемлекеттігі мен егемендігін нығайтуға, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік, мәдени және қоғамдық қызметке, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды орнатуға ерекше еңбек сіңірген адамдар марапатталады. I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып саналады. III дәреже, II дәреже және I дәреже ретімен марапатталады.