Қазақстанның Қарулы Күштері
Уикипедиядан
Қазақстанның Қарулы Күштері — Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғыл. мекемелердi қамтиды. Соғыс уақытында құрамына қорғаныс мин-не қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер мин-нiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, респ. «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
ҚР Қарулы Күштерiнiң басты мақсаты — елдiң егемендiгiн, аумағының тұтастығын, экономикасын, мемлекеттік институттары мен азаматтарын соғыс қатерiнен қорғау, жаугершiлiк немесе әскери қақтығыстар туғызудың алдын алу, Қазақстанның орнықты дамуы үшiн қолайлы жағдай туғызу.
Республика Қарулы Күштерiне бейбiт кезеңде мынандай негiзгi мiндеттердi орындау жүктелген:
- әскери күштi, жауынгерлiк даярлықты қамтамасыз етiп, басқару органдары мен әскерлердi ел iшiндегi қақтығыстарды, ҚР-ның мемлекеттік шекарасында немесе аумағының шегiнде туған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетудi тұмшалап, тойтара алатын деңгейде ұстау;
- әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ, мемл. шекараның жедел-стратег. тұрғыда маңызды өңiрлерiн жабу;
- маңызды әскери нысандарды күзету;
- елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi батыл iс-қимылға әзiр болу;
- халықар. мiндеттемелерге сәйкес бiтiмгершiлiк және өзге де операцияларға қатысу.
Бұл мiндеттердi орындауды Қарулы Күштер ҚР-ның басқа да әскерлерi мен әскери құрылымдарымен өзара тығыз iс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметiне құрлықта, теңiзде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемл. шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ, лаңкестiкке (террорға), қару мен есiрткi саудасына қарсы күреске қатысу жүктеледi.
ҚР Үкiметiнiң 2000 ж. 23 қарашадағы ғ1579 қаулысына сәйкес елiмiзде Оңтүстік, Батыс, Шығыс, Орталық әскери округтерi құрылған.
Оңтүстік әскери окуругiнiң қорғайтын жер аумағына: Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кiредi. Округтiң орт. штабы Тараз қаласында.
Шығыс әскери округi қорғайтын жер аумағына: Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары кiредi. Округтiң орталық штабы Семей қаласында.
Батыс әскери округiнiң қорғайтын аумағына: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кiредi. Округтiң орт. штабы Ақтөбе қаласында. Қазақстанның қалған облыстары Орт. әскери округiне қарайды. Орталық штаб — Қарағанды қаласында.
Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерiстерге (экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуi, жаңадан ядр. мемлекеттер пайда болуы, т.б.) ұшырауда. Осыған байланысты ҚР Қарулы Күштерiнiң әскери доктринасы орташа мерзiмдi кезеңге есептелiп жасалған (1999 — 2005) қорғаныстық сипатқа ғана ие. Ол әлемдегi және аймақтағы әскери-саяси жағдайды кешендi бағалауға, мемлекеттiң экон. болмысы мен материалдық қорының мүмкiндiктерiне сүйенедi. Доктрина Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгi стратегиясының негiзгi ережелерiн нақтылайды және шабуыл жасалған жағдайда елдiң қорғанысын ұйымдастыруға, ұжымдық әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi одақтас мемлекеттермен бiрлескен күш-жiгердi үйлестiруге бағытталған.