Қазақстан Республикасының Конституциясы (1 бөлім)
Уикипедиядан
Мазмұны: | Үсті — 1-бап 2-бап 3-бап 4-бап 5-бап 6-бап 7-бап 8-бап 9-бап |
---|
[өңдеу] I бөлім, Жалпы ережелер
Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз.
[өңдеу] 1-бап
- Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.
- Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
ЕСКЕРТУ. 1-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.12.21. N 18/2 қаулысымен.
[өңдеу] 2-бап
- Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.
- Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
- Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы, астанасының орналасатын жерi мен мәртебесi заңмен белгiленедi.
- Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.
[өңдеу] 3-бап
- Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.
- Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.
- Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.
- Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.
- Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрі тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 3-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
[өңдеу] 4-бап
- Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.
- Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
- Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.
- Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шартты болып табылады.
ЕСКЕРТУ. 4-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.10.11. N 18/2 қаулысымен.
[өңдеу] 5-бап
- Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Қоғамдық және мемлекеттiк институттардың бiрiгiп кетуiне, мемлекеттiк органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
- Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге, қоғамдық бiрлестiктердi мемлекеттiк қаржыландыруға жол берiлмейдi.
- Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.
- Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының, дiни негiздегi партиялардың қызметiне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
- Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттiк органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 5-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.07. N 4/2 қаулысымен.
[өңдеу] 6-бап
- Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
- Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.
- Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
ЕСКЕРТУ. 6-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.11.03. N 19/2 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 6-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.04.13. N 2/2 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 6-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
[өңдеу] 7-бап
- Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.
- Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
- Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
[өңдеу] 8-бап
- Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.
ЕСКЕРТУ. 8-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
[өңдеу] 9-бап
- Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібi конституциялық заңмен белгiленедi.