Қазақстан Республикасының Конституциясы (2 бөлім)
Уикипедиядан
[өңдеу] II бөлім, Адам және азамат
[өңдеу] 10-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.
- Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
- Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.
[өңдеу] 11-бап
- Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
- Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
[өңдеу] 12-бап
- Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
- Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
- Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.
- Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.
- Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.
[өңдеу] 13-бап
- Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы.
- Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
- Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi.
ЕСКЕРТУ. 13-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 13-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2002.02.15. N 1 қаулысымен.
[өңдеу] 14-бап
- Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
- Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.
ЕСКЕРТУ. 14-баптың 1 және 2-тармақтарына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 14-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2 қаулысымен.
[өңдеу] 15-бап
- Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар.
- Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшiн ең ауыр жаза ретiнде заңмен белгiленедi, ондай жазаға кесiлген адамның кешiрiм жасау туралы өтiнiш ету хақы бар.
[өңдеу] 16-бап
- Әркiмнiң өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.
- Заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi. Прокурордың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұстауға болады.
- Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әркiм адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы.
[өңдеу] 17-бап
- Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.
- Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.
[өңдеу] 18-бап
- Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.
- Әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
- Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әркiм азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
[өңдеу] 19-бап
- Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
- Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар.
[өңдеу] 20-бап
- Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.
- Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi.
- Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.
[өңдеу] 21-бап
- Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әркiм адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.
- Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар.
[өңдеу] 22-бап
- Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар.
- Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс.
[өңдеу] 23-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi.
- Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда, кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс.
ЕСКЕРТУ. 23-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05. N 13/2 қаулысымен.
[өңдеу] 24-бап
- Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.
- Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.
- Ереуiл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгiленген тәсiлдердi қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
- Әркiмнiң тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепiлдiк берiледi.
ЕСКЕРТУ. 24-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2 қаулысымен.
[өңдеу] 25-бап
- Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
- Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi.
[өңдеу] 26-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.
- Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.
- Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.
- Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрі шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
ЕСКЕРТУ. 26-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.16. N 6/2 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 26-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.12.20. N 21/2 қаулысымен.
[өңдеу] 27-бап
- Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
- Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі мiндетi.
- Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
[өңдеу] 28-бап
- Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.
- Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.
ЕСКЕРТУ. 28-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12. N 3/2 қаулысымен.
[өңдеу] 29-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
- Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.
- Мемлекеттiк және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдарда ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.
[өңдеу] 30-бап
- Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi.
- Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
- Жекеменшiк оқу орындарында ақылы бiлiм алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
- Мемлекет бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек.
[өңдеу] 31-бап
- Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.
- Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
[өңдеу] 32-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн.
[өңдеу] 33-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.
- Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
- Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
- Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.
ЕСКЕРТУ. 33-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
[өңдеу] 34-бап
- Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
- Әркiм Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге мiндеттi.
[өңдеу] 35-бап
- Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.
[өңдеу] 36-бап
- Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
- Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
[өңдеу] 37-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.
[өңдеу] 38-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
[өңдеу] 39-бап
- Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
- Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
- Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс.