Қан
Қазақша Уикипедияның мағлұматы
Қан — организмдегі ішкі сұйық ортаның бірі. Ол қантамырларының тұйық жүйесін бойлай ағып, тасымалдау қызметін атқарады. Қан барлық мүшелердің клеткаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізеді және тіршілік әрекетінің өнімдерін зәр шығару мүшелеріне тасымалдайды. Организмдегі биологиялық әрекетшіл заттардың гуморальдық реттелу қызметі қанның қатысуымен іске асады. Қан организмнің инфекциядан қорғаныш реякциясын қамтамасыз етеді.
[өңдеу] Қанның құрамы
Ересек адам организмінде шамамен бес литр қан болады. Қан — организмдегі дәнекер тканінің бір түрі. Оның негізгі бөлігі клетка аралық сұйық зат — плазмадан құралады. Плазмадан қан клеткалары — эритроциттер мен лейкоциттер және қан пластинкалары — тромбоциттер болады. Тромбоциттер сүйектің кемік майындағы клеткалардан түзіледі. Олардың жетілуі, қорға жиналып, бұзылуы басқа мүшелерде өтеді.
Плазма негізінде еріген органикалық және бейорганикалық заттары бар судан тұрады. Плазма құрамының өзгеруі организм үшін өте қауіпті. Қанға үздіксіз көптеген заттардың қосылуына қарамастан, плазманың құрамы өзгермейді. Плазмадаға артық заттар зәр шығару мүшелері арқылы шығарылады: қан өкпеде көмірқышқыл газынан, ал бүйректе — судың артық мөлшері мен онда еріген минералды тұздардан арылады.
[өңдеу] Қанның ұюы
Тамырлар жарақаттанғанда одан аққан қан ұйып, қанның ағуына кедергі жасайтын іркілдек зат — тромб түзеді. Іркілдек зат бірте-бірте қоюланып тамырдың зақымданған жерін бітейді де, аққан қанды тоқтатады. Біраз уақыт өткен соң тамыр жарақаты жазылып, тромб жойылады.
Тромб негізінен ерімейтін талшықты белок — фебриннен құралады. Фебрин плазмада еріген белок — фебирногеннен түзіледі. Фебрин түзілуі үшін қанда және қан пластинкалары, тамырлар мен оларды қоршап жатқан тканьдер бұзылғанда пайда болатын ерекше заттар қажет. Қан ұйығанда кальции тұздарының маңызы зор. Егер кальций тұздарын бөліп алса, қан ұйымайтын болады. Фибрин жіпшелерінің аралығына қан клеткалары тұтылып, іркілдек зат қызыл түске боялады. Қанның іркілдек заты үш-сегіз минутта түзіледі.
Лимфада да фибриноген болады. Ол қан ұйитын жағдайда, бірақ қаннан гөрі баяуырақ ұйиды.
Кейбір адамдар іштен туа қаны ұйымайтын ауруға тап болады. Мұндай адамдар болмашы жарақаттанудан-ақ қаннан айырылып, қаза табуы мүмкін.
Қанның ұйуы дегеніміз организмді қан кетуден сақтандыратын, оны қорғанышты бейімділігі болып табылады.