Еліктеу сөз
Уикипедиядан
Еліктеу сөздер семантикалық жағынан алғанда
- біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан туатын, сондай-ақ, неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын әр қилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе,
- екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың және неше түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-әрекеттерінің де қилы-қилы көрінінстерінен пайда болатын түсініктерді білдіреді.
Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, тырс, ырс, барқ, борт, күрт, кірт, морт, сарт, шырт, дүңк, күңк, қыңқ, мыңқ, маңқ, саңқ, шаңқ, шіңк, сыңқ, таңқ, тыңқ, ыңқ, болп, былп, жалп, желп, қолп, ірк, ырқ, сарт-сұрт, тарс-тұрс, арс-ұрс, жалт-жалт, жалт-жұлт, қалт-қалт, қалт-құлт, қаңқ-қаңқ, қаңқ-құңқ, шаңқ-шаңқ, шаңқ-шұңқ, арбаң-арбаң, бүгжең-бүгжең, арсалаң-арсалаң, ербелең-ербелең, батыр-бұтыр, далаң-далаң, тарбаң-тарбаң, қызараң-қызараң, қаңғыр-күңгір, қайқаң-құйқаң, митың-митың, салаң-сұлаң, ыржың-тыржың т. б.
Анықтамасына қарай бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді:
- еліктеуіш (еліктеме) сөздер және
- бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер.
Мазмұны |
[өңдеу] Еліктеуіш сөздер
Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ, жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы: Мылтық тарс етті; қарға қарқ етті деген сөйлемдерді алсақ, ондағы тарс деген сөз мылтықтың атылуынан туған дыбыстың атын білдірсе, қарқ деген сөз қарғаның дыбыстау мүшесінен (қарқылдауынан) шыққан дыбыстың атын білдіреді.
[өңдеу] Бейнелеуіш сөздер
Бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы: Ырғалып қарға қарқ етті; ірімшік ауызынан салп етті деген сөйлемдердің екіншісінде салп деген сөз дыбысты емес, қарғаның ауызынан ірімшіктің жерге қарай түсіп бара жатқан я түскен кезіндегі көрініс елесін, сол көріністің бейнесін білдіреді.
[өңдеу] Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері
Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктерін сөз еткенде, үш түрлі мәселе ескерілуге тиіс:
- дыбыстық құрамы,
- буын жүгі,
- айтылу ырғағы.
Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамында, демек, олардың дыбыстарының тіркесуінде белгілі бір ізге түсіп қалыптасқан әрі орнықты, әрі жүйелі заң бар деуге болады. Оған еліктеу сөздердің, мысалы, мынадай үлгілері айғақ.
- Арс, борс, гүрс, дүрс, мырс, тарс, тырс т. б.
- Борт, бырт, күрт, кірт, морт, сарт, сырт, шарт, шырт т. б.
- Жап, жып, лап, лып, сап, сып, тап, топ, тып, шап т. б.
- Барқ, бырқ, жарқ, зырқ, зірк, күрк, қорқ, ірк т. б.
- Аңқ, еңк, дөңк, дүңк, діңк, күңк, қаңқ, қоңқ, саңқ, сұңқ, шаңқ, шіңк, ыңқ т. б.
- Былқ, кілк, қолқ, қылқ, солқ, селк т. б.
- Балп, болп, былп, елп, жалп, желп, жылп, салп, сылп, шалп, шолп, шылп, үлп т. б.
- Жамп, күмп, қомп, томп, тымп, сымп т. б.
- Даң, дүң, тың, қаң, құң, маң, шаң, шұң, шың т. б.
- Ар, быр, дар, дыр, дір, күр, қор, қыр, сыр, шар, шыр т. б.
- Баж, быж, бұж, гүж, күж, қыж, шаж, шыж т. б.
- Ақ, бақ, бық, қақ, қық, сақ, тық, шақ, шық т. б.
- Жалт, жылт, кілт, қылт, мылт, сылт, талт, тылт т. б.
- Гу, ду, зу, лау, сау, су т. б.
- Барп, борп, қорп, сарп, тарп, тырп т. б.
[өңдеу] Әдебиет
- А. Ысқақов, "Қазіргі қазақ тілі", 1974 ж.