Шылау
Уикипедиядан
Шылаулар - сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылау сөздер дегендеріміз - ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары жағынан да, сондай-ақ, қызметтері жағынан да өздерінің бастапқы шыққан төркіндерінен біржола қол үзіп, әрі осы аталған негізгі үш белгі жөнінен де дербестіктерінен айырылып, өз алдына категория болып қалыптасқан және жалпы көмекші сөздер тобына негізгі ұйытқы есебінде қызмет ететін сөздер.
Грамматикалық сипаттарына қарай, шылаулар ішінара үш жікке бөлінеді: олар - септеуліктер, жалғаулықтар және демеуліктер
Мазмұны |
[өңдеу] Жалғаулықтар
Жалғаулықар өз ара тең бірыңғай сөздерінің, бірыңғай сөз тіркестерінің және бірыңғай сөйлемдердің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Жалғаулықтар ең кемі өз ара тең екі сөзге не екі сөз тіркесіне бірдей қатысты болады. Мысалы: Қыс пенен жаз, күн менен түн, тақ пенен жұп, жақсылық пен жамандық - болды сегіз (Абай) дегендегі пенен, менен, пен жалғаулықтары тек я бұрынғы, я соңғы сөзге ғана емес, екі жағындағы сөздердің екеуіне де бірдей қатысты болып, оларды бір-бірімен жалғастыру үшін қолданылып тұр.
Жеке сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру қабілеті жағынан, жалғаулықтар:
- салаластырғыш жалғаулықтар және
- сабақтастырғыш жалғаулықтар деген екі топқа бөлінеді.
[өңдеу] Септеуіліктер
Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз.
Септеуліктер өздері тіркесетін есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектік, мезгілдік, қайталау, талғау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамап тыңғылықтандырып отырады.
- Мысалы: Біздің шахталардың жайын Алматыға дейін жазып жүрген кім? (Ә. Әбішев); Жалт қарасам, Шұға үйіне қарай кетіп бара жатыр екен (Б. Майлин) деген сөйлемдердегі дейін, қарай септеуліктерін алып тастап, Алматыға, үйіне деп қана айтатын болсақ, ол сөйлемдердегі ой едәуір өзгеріп кеткен болар еді.
[өңдеу] Атау септікті меңгеретін септеуліктер
- Үшін
- Сайын
- Сияқты
- Туралы
- Арқылы
- Бойы, бойымен
- Шамалы, шақты, қаралы
- Ғұрлы (ғұрлым)
[өңдеу] Барыс септікті меңгеретін септеуліктер
- Шейін (дейін)
- Қарай, таман
- Салым, тарта, жуық, таяу
[өңдеу] Шығыс септікті меңгеретін септеуліктер
- Гөрі
- Бері
- Кейін
- Соң
- Бұрын
- Бетер
[өңдеу] Көмектес септікті меңгеретін септеуліктер
- қатар, бірге, қоса
[өңдеу] Демеуліктер
Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер (мағыналар) жамайтын сөздерді айтамыз.
Лексика-грамматикалық мағыналары жағынан демеулік шылаулар
- сұраулық
- шектік
- нақтылық
- күшейткіш
- болжалдық
- болымсыздық
- қомсыну
демеуліктері болып бөлінеді.
[өңдеу] Әдебиет
- А. Ысқақов, "Қазіргі қазақ тілі", 1974 ж.